Алматының болашақ келбеті, көлік кептелісін азайту және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі SHARE Kazakhstan 2026 халықаралық сәулет және урбанистика форумында кеңінен талқыланды.
Басқосуға Ұлыбритания, Германия, Дания, Испания және өзге де елдерден жетекші сәулетшілер мен урбанистер жиналып, мегаполисті дамытудың тың жобаларын ұсынды, — деп хабарлайды jananews.kz.
Бес полиорталықты даму және әкімнің ұстанымы
Үкімет қараша айында бекіткен Алматының жаңа Бас жоспарына сәйкес, алып шаһар енді 5 полиорталық қағидаты бойынша дамиды. Бұл іскерлік, мәдени және әлеуметтік орталықтар тек қаланың орталығында емес, барлық ауданда біркелкі орналасады деген сөз. Мектеп, балабақша және аурухана секілді нысандар тұрғын үйлерге барынша жақын салынады. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мегаполис халқының қарқынды өсуі жаңа басқару шешімдерін талап ететінін атап өтті:
«2040 жылға қарай қала халқының саны 3,6 миллион адамға жетуі ықтимал. Алайда қаланың бұрынғы даму үлгісі қазірдің өзінде көлік жүйесіне, инфрақұрылым мен экологияға айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Біз үшін қаламызға сырт көзбен берілген кәсіби бағаларыңыз және қазақстандық әріптестермен бірлесіп, Алматының нақты аумақтарына ұсынатын пікірлеріңіз маңызды», — деді қала әкімі.
Көлік инфрақұрылымы және «15 минуттық қала» тұжырымдамасы
Көлік кептелісін азайтып, экологиялық ахуалды жақсарту үшін Бас жоспар аясында бірқатар ірі жобалар қолға алынады. Жерасты көлігі «Қалқаман» бекетінен «Барлық» базарына дейін, ал «Жібек жолы» бекетінен халықаралық әуежайға қарай ұзартылады.
Қала ішіндегі жеңіл рельсті көлік желісі кеңейтіліп, мегаполиске кіреберіс аумақтарда арнайы автотұрақтар салынады. Бұл жүргізушілерге көліктерін қалдырып, қоғамдық көлікке ауысуға мүмкіндік береді. Тозығы жеткен ескі үйлердің орнына заманауи тұрғын үйлер бой көтеріп, босаған кейбір аумақтар мектеп пен балабақша құрылысына беріледі. Форумға қатысқан халықаралық сарапшылар Алматыны жаяу жүргіншілерге барынша қолайлы ету қажеттігін алға тартты. GEHL компаниясының жобалар бойынша директоры Александр Шпитцер әлемдік тәжірибені мысалға келтірді:
«Лондондағы Оксфорд-стрит пен Нью-Йорктегі Таймс-скверде аумақтың 10 пайызы ғана көлікке, ал 90 пайызы жаяу жүргіншілерге арналған. Алматыда да жаяу жүргіншілерге арналған осындай аумақты көбейту қажет. Сондай-ақ тұрғындар күнделікті қажетті орталықтарға жаяу 15 минутта жете алуы керек», — деді шетелдік урбанист.
Отандық мамандардың айтуынша, шетелдік сәулетшілердің озық идеялары мақұлданған күннің өзінде Алматының тарихи келбеті мен өзіндік сәулеттік ерекшелігі толық сақталады.
Михаил Шайдоров Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ең жоғары марапатына ие болды — jananews.kz

