Бурабай өзінің көркем табиғатымен, мөлдір көлдері мен жұпар ауасынан бөлек, бүгінде еліміздің тарихы мен мәдениетіне терең саяхат жасайтын заманауи орталыққа айналды.
Мұндағы мультимедиялық интерактивті кешен заманауи технологиялар мен цифрлық инсталляцияларды үйлесімді біріктіріп, өткен мен бүгінді байланыстыратын ерекше кеңістік ұсынады, деп хабарлайды jananews.kz.
Заманауи технологиялар арқылы Ұлы дала тарихына саяхат
Бұл кешенді дәстүрлі музей форматындағы орын деуге келмейді. Мұнда инновациялық шешімдер арқылы Қазақстанның бай мұрасы жаңа қырынан ашылады. Негізгі экспозицияларға жетпей тұрып-ақ қонақтарды айналы «ағаш-порталдары» бар Бурабайдың табиғаты қарсы алады. Бұл жерден Шарын шатқалы, Каспий теңізі, Медеу мен Түркістан сияқты еліміздің басты нышандарын көруге болады.
Кешеннің басты тақырыптарының бірі – Ұлы дала тарихы мен Абылай ханның өмірі. Кинозалда ұлы билеушінің өміріндегі маңызды кезеңдерді баяндайтын 19 минуттық көркем фильм көрсетіледі. Ал саяхат соңында келушілерге ұрпақтар сабақтастығын паш ететін «Абылай ханның батасы» ұсынылады. Қазақ халқының ру-тайпалық мұрасына арналған «Мәңгілік ел» залында қазақ руларының 47 сенсорлық белгісі біртұтас ағашқа біріктіріліп, халық бірлігінің символы ретінде ұсынылған. LED-экрандармен жабдықталған бұл мультимедиялық туннель Тәуелсіздік қарсаңынан бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтып, айна беттерінің арқасында шексіз кеңістік әсерін тудырады.
Интерактивті аймақтар мен белсенді ойындар
Кешенде тек ақпарат алып қана қоймай, белсенді әрекет етуге арналған цифрлық платформалар да қарастырылған. 8 интерактивті аймақта келушілер садақ атудан өз күштерін сынап, VR-шайқастарға қатысып немесе түрлі жұмбақтарды шеше алады. Сонымен қатар, батырларға арналған фотоаймақ пен Керей мен Жәнібектен бастап Кенесары ханға дейінгі кезеңді қамтитын электронды кітап қолжетімді.
Жабық кеңістікте орналасқан бұл кешенге жылдың кез келген мезгілінде, ауа райына қарамастан келуге болады. Бұл формат отбасылар мен туристік топтар үшін Бурабайдағы демалысты танымдық тұрғыдан мазмұнды етіп өткізуге таптырмас мүмкіндік.

