Алматыда Қазақстандағы жеке ортездерді жобалау және жасау жөніндегі алғашқы мемлекеттік зертхана ресми түрде ашылды.
Жаңа орталық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының базасында құрылды, деп хабарлайды jananews.kz.
Заманауи орталықтың мүмкіндіктері мен мақсаты
Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, қала мәслихатының депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері мен сала мамандары қатысты. Жаңа зертхана балалар мен ересектерге жеке протездік-ортопедиялық көмек көрсетудің заманауи орталығына айналмақ.
Зертхананың басты ерекшелігі – барлық кезеңдердің цифрлық тәсілмен жүзеге асырылуы. Пациентті бастапқы тексеру, цифрлық 3D-сканерлеу, компьютерлік модельдеу, өндіру, киіп көру және жеке өлшемдерге сәйкестендіру жұмыстары толықтай озық жабдықтар арқылы орындалады. Жоба аясында тиісті медициналық көрсетілімдері бар балаларға жеке ортездер тегін дайындалады. Бұл баланың анатомиялық ерекшеліктерін ескере отырып, дер кезінде сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Орталық 3D-сканер, сандық бағдарламалық басқаруы (ЧПУ) бар станок, арнайы бағдарламалық жасақтама, полиуретанды өңдеу және термоқалыптау жабдықтарымен толық қамтамасыз етілген. Алғашқы кезеңде табанға, тобық, тізе буындарына және аяқ-қолдарға арналған бұйымдар жасалады.
Өндірістік жоспарлар мен әлеуметтік маңызы
Мемлекет басшысының мүгедектігі бар адамдарға тең мүмкіндік жасау жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған бұл жоба кезең-кезеңімен кеңейтілмек. 2026 жылы – 500 жеке ортез, 2027 жылы – 1 000 бұйым ал 2028 жылы – 1 500 бұйым дайындау көзделген.
Сондай-ақ зертхана тек өндіріс орны ғана емес, ортездеу нәтижелерін ғылыми тұрғыдан бағалайтын, технологияларды жетілдіріп, мамандарға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірлейтін практикалық алаңға айналады. Ата-аналардың айтуынша, қымбат тұратын оңалту құралдарын мемлекет есебінен, заманауи технологиялар арқылы алу отбасылар үшін үлкен қолдау әрі балалардың болашағына жасалған маңызды қадам.
Президент халыққа Жолдауында қандай міндеттер жүктеді? — jananews.kz

