Петропавл қаласындағы бірегей ботаника бағының оранжереясына «Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік» мәртебесі берілді.
Бұл – еліміздегі ең көне табиғат ошағының ғылыми және тарихи маңызын айқындайтын маңызды қадам, деп хабарлайды 24kz.
2 мыңнан астам тропикалық өсімдік және ғасырлық тарих
Бүгінгі таңда ботаника бағында әлемнің әр түкпірінен әкелінген 2 000-ға жуық тропикалық өсімдік өсірілуде. Олардың арасында бірнеше ғасырлық тарихы бар алып ағаштар да бар. Ерекше назар аударатын экспонаттардың бірі – 1795 жылы Меккеден әкелінген дәннен өсіп шыққан құрма пальмасы. Қазір бұл алып ағаш тоқтаусыз өсіп, биіктегендіктен, бағбандар жылыжайдың әйнек қабырғаларын сындырып кете ме деп қауіптенеді.
Ботаника бағының қызметкері Любовь Вдовинаның айтуынша, бұл өсімдіктерді қатал қыс мезгілінде сақтап қалу үлкен еңбекті талап етеді. Бұған дейін пеш жағып жылытуға тура келген, тіпті шатырын жел ұшырып кеткен кездерде де ұжым өсімдіктерді жұқа полиэтиленмен орап, аман алып қалған.
Заңды мәртебе
Бақ директоры Артур Рязаповтың айтуынша, ұжым бұл жетістікке жету үшін талай қиындықты бастан өткерген. Тіпті бұған дейін нысанды жекешелендіру және тарату қаупі де туындаған болатын.
«Байқауға Петропавл, Алматы, Риддер және Ақтаудан төрт ұйым қатысты. Нәтижесінде мәртебе бізге берілді. Осы сәтті 3 жыл, 6 ай, 12 күн күттік. Мұндай атаққа ие болған жалғыз нысан атандық», – деді Артур Рязапов.
Еске сала кетейік, биыл жазда баққа «Ерекше қорғалатын табиғи аумақ» мәртебесі берілген еді. Нәтижесінде кешен мемлекет есебінен қаржыландырылып, мамандарға ғылыми зерттеулер жүргізуге кең жол ашылды. Ал жаңа мәртебе бірегей өсімдіктер дүниесін сақтауға деген жауапкершілікті одан әрі арттыра түспек.
Бүгінде 20-ға жуық қызметкер еңбек ететін бұл мекенге отандық туристер ғана емес, шетелдік қонақтар да жиі келеді. Әсіресе қыс мезгілінде тропикалық өсімдіктердің жайқалып тұруы мен банандардың гүлдеуі келушілерге ерекше әсер сыйлайды.
Мамандық таңдауға арналған платформа қандай мүмкіндік ұсынады? — jananews.kz

