Атырау облысында балық шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жоба іске қосылды.
Махамбет ауданында құны 3,5 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аясында жылына 15 миллион бекіре шабағы мен 120 тонна тауарлы балық өсіретін жаңа шаруашылық жұмысын бастады, — деп хабарлайды jananews.kz.
Жобаның ерекшеліктері және жойлып бара жатқан түрлерді сақтау
«Адана» шаруа қожалығы мемлекет тарапынан берілген жеңілдетілген несие арқылы жүзеге асырылып отыр. Мұнда бекіре тұқымдас балықтың 4 түрі өсіріледі. Шаруашылықта Жайық-Каспий бассейнінде жойылу үстіндегі сирек кездесетін пілмай балығы да бар. Мамандар бұл түрін қолдан көбейтіп, табиғи ортаға жіберуді мақсат етіп отыр. Биыл мамыр айынан бастап орыс бекіресінің уылдырығынан өнген алғашқы 150 мыңнан астам шабақ өсіп жетілген. Қазіргі таңда олардың ұзындығы 15–25 см, ал салмағы 50–80 грамм аралығында.
Өңірдегі балық шаруашылығының әлеуеті
Аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, Махамбет ауданының өзінде балық өсіруге бағытталған тағы 4 жоба қолға алынған. Жалпы Атырау облысында балық қорын молайту мақсатында құны 25 миллиард теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде өңірдегі балық қорын арттыру үшін биылдың өзінде Жайық өзеніне 4 миллионға жуық шабақ жіберілді. Жабық бассейндер мен тұйық тоғандарда заманауи технологиямен өсірілетін мұндай өндіріс орындары аймақтың балық шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеруге зор үлес қоспақ.
Жамбыл облысында «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі құрылды — jananews.kz

