АҚШ-та үшінші күн қатарынан мыңдаған рейс тоқтатылды

АҚШ-та әуе қатынасындағы жаппай іркілістер үш күн қатарынан жалғасты.

Жексенбі күні ел бойынша 2,3 мыңнан астам рейс тоқтатылып, 7,7 мыңға жуығы кешіктірілді, деп хабарлайды jananews.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап. Елдің Көлік министрі Шон Даффи әуе қатынасы дүйсенбі күні толықтай қалыпты режимге оралатынын уәде етті.

Іркілістің себептері мен министрліктің мәлімдемесі

Көлік министрі Шон Даффидің айтуынша, бұл шұғыл іркіліске кибершабуыл немесе қандай да қасақана жасалған әрекет себеп болғаны туралы ешқандай дәлел жоқ. Дегенмен, оқыс ақаудың нақты шығу төркіні әзірге толық анықталмаған. Еске сала кетейік, АҚШ Федералдық авиация басқармасы (FAA) жұма күні ел аумағында ұшақтардың ұшуына уақытша тыйым салған болатын. Салдарынан рейстер бес сағатқа жуық уақыт бойы тоқтап қалды. Бұл 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғаларынан кейінгі АҚШ-тың азаматтық авиация тарихындағы ең ұзақ жалпыұлттық үзіліс ретінде тіркелді.

Алдын ала болжам бойынша, бұған техникалық өзгерістер себеп болған. Арканзас штатындағы Эль-Дорадо қаласында орналасқан FAA нысанында жаңа маршрутизатор орнатылғаннан кейін жүйеде істен шығулар басталған. Бұл өз кезегінде Техастағы Амарилло қаласында ауыстырылған құрылғының жұмысына әсер етіп, елдегі басқа әуе қозғалысын басқару орталықтарының маршрутизаторларына шамадан тыс жүктеме түсірген. FAA ақауға тікелей себеп болған құрылғылардың жұмысын тоқтатып, жүйеден осындай 60-қа жуық маршрутизаторды ажыратты. Алайда техникалық қызмет көрсету кезінде бұндай масштабты ақаудың неліктен туындағаны әлі де зерттелуде.

Ескірген инфраструктура және қаржы мәселесі

Көлік министрі Шон Даффи АҚШ-тың әуе қозғалысын басқару жүйесі ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған түйткілдерге тап болғанын ашық айтты. Оның сөзінше, жүйе ескірген технологиялар мен жабдықтарға, жиі кездесетін байланыс проблемаларына және кәсіби диспетчерлердің жетіспеушілігіне байланысты үлкен қиындықтар туындауда. Бұл салаға толықтай модернизация жасау үшін 50 миллиард доллар қажет.

АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресті әуе қозғалысын басқару жүйесін шұғыл жаңартуға қосымша қаржы бөлуге шақырды. Дегенмен, демократ конгрессмендер өткен жылы осы мақсатқа бөлінген 12,5 миллиард доллардың шамамен 11 миллиарды әлі күнге дейін игерілмегенін алға тартып, қосымша қаржы сұраудың орындылығына күмәнмен қарауда. Өз кезегінде авиация саласының сарапшылары әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту үшін  мемлекеттік қаржымен қатар жеке сектордың инвестицияларын да белсенді түрде тарту қажет екенін жеткізді.

Елімізде пациенттің медициналық тарихы барлық медициналық ұйымға қолжетімді болмақ — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img