Астанада таеквондодан әлемдік Гран-при өтеді

Қазақстанның спорт астанасы – Астана қаласы халықаралық және республикалық деңгейдегі екі бірдей ауқымды жарысты қабылдауда.

Елордада таеквондодан әлемдік Гран-при мен бокстан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты өтеді, — деп хабарлайды jananews.kz.

Таеквондодан әлемдік Гран-при: Астанада кімдер бақ сынады?

Елордадағы Жекпе-жек сарайында 28–29 қараша күндері таеквондодан жылдың басты бәсекелерінің бірі – әлемдік Гран-при өтеді. Жаһандық турнирге әлемнің түкпір-түкпірінен 128 спортшы қатысады деп жоспарлануда. Бұл беделді жарыста ел намысын ұлттық құраманың 4 спортшысы қорғайды. Олар: 49 келі салмақта Рита Бакишева, 57 келі салмақта Мария Севостьянова, 58 келі салмақта Тамирлан Тілеулес және 80 келі салмақта Батырхан Төлеуғали.

Бұл жарыстың маңызы өте жоғары, өйткені қорытындысы бойынша спортшыларға халықаралық рейтингілік ұпайлар беріледі. Ал бұл көрсеткіш 2028 жылғы Лос-Анджелес олимпиадасының жолдамаларын сарапқа салған кезде шешуші рөл атқарады.

Елордада бокстан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды

Сондай-ақ Астанада бокстан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты ресми басталды. Бұл бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам қатысушы жиналды, олардың арасында ұлттық құрама мүшелері де бар. 19 жасқа дейінгі жастар арасындағы ішкі біріншілік бір аптаға созылады. Жас былғары қолғап шеберлері 10 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтауда. Ресми ашылу салтанатынан кейін бірден іріктеу жекпе-жектері басталды. Бұл жарыс қорытындысы бойынша алдағы жылы халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын негізгі ұлттық команда жасақталады. Ел біріншілігінің жартылай финалдық және финалдық айқастары 21–22 қараша күндері өтеді.

 

Президент Жолдауында қандай өзекті мәселеге назар аударылды? — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img