Қазақстанда міндетті цифрлық таңбалауға жататын тауар түрлерінің қатары кеңейіп, бір жыл ішінде үш санаттан жетіге жетті.
Бұл туралы елордада өткен Digital Tañba форумында Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев мәлімдеді, — деп хабарлайды jananews.kz.
Саладағы негізгі өзгерістер мен нәтижелер
Президент көмекшісінің айтуынша, бастапқыда күмән тудырған жоба бүгінде тұтас бір индустрияға айналып, ел экономикасын цифрландырудың маңызды тетігіне айналды.
«Таңбалаудың арқасында дәрі-дәрмек саласында, мемлекеттік тапсырыс аясында біршама тәртіп орнағаны қуантады. Денсаулық сақтау министрлігі көптеген контрафактілік өнімді, тіпті мемлекеттік мекемелерге тиесілі болуы тиіс дәрілерді де анықтаған еді. Осы бағытта күрес басталды», — деді Қуанышбек Есекеев.
Цифрлық таңбалау жүйесі маңызды бағыттарда тиімділігін көрсетуде. Дәрі-дәрмек айналымын реттеумен қатар, биыл қыркүйек айынан бастап жүйеге биологиялық белсенді қоспалар да енгізіле бастады. Сондай-ақ темекі өнімдері мен сыра айналымын ашық бақылауға мүмкіндік туды. Контрафактілік өніммен күрес нәтижесінде шетелдік аяқ киім брендтері Қазақстан нарығына ресми түрде шығуға белсенділік таныта бастады.
Ұлттық тауарлар каталогы және түбіртекке қойылатын жаңа талаптар
Цифрландырудағы келесі маңызды қадам — Ұлттық тауарлар каталогын енгізу. Бұл жүйе нарықтағы өнімдердің бірыңғай тізімін қалыптастырып, олардың шығу тегі мен қозғалысын толық қадағалауға жол ашады. Сонымен қатар тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында сауда түбіртегінде өнім туралы мәліметтің толық әрі дұрыс көрсетілуіне қатысты жаңа талаптар енгізілуде. Бұл тауардың бір бөлігі түбіртекте көрсетілмей қалатын көлеңкелі схемалардың жолын кеседі. Алдағы уақытта осы бағыттағы жобаларды жүйелі ілгерілету үшін Цифрлық экономика қауымдастығын құру жоспарланып отыр.
«Ордабасы» футбол клубының бас бапкері болып бельгиялық Карел Герартс тағайындалды — jananews.kz

