Мемлекет басшысы: Қазақстан мен Ресей арасында толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалыптастыруға болады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейде өткен AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында сөз сөйлеп, цифрлық технологиялар дәуіріндегі энергетикалық қауіпсіздік пен көлік-логистика саласын цифрландыру мәселелеріне тоқталды, деп Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап jananews.kz хабарлайды.

ЖИ дәуіріндегі энергетикалық сұраныс және АЭС құрылысы

Президенттің пікірінше, жасанды интеллектіні жаппай енгізу есептеу қуатына сұранысты арттырып, энергия жүйелерінің жүктемесін арттырады.

«Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша 2030 жылға қарай әлемдегі деректерді өңдеу орталықтары 950 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр қуатын тұтынуы мүмкін. Бұл — 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда екі есе жоғары. Мұндай жағдайда энергетикалық ресурстардың қолжетімділігі, электр желілерінің сенімділігі және оны тиімді қолдану технологиялық бәсекеге қабілетті болудың негізгі алғышарты саналады. Сондықтан Қазақстан бірнеше атом электр станциясын салу туралы стратегиялық шешім қабылдады. Ресеймен серіктестік негізінде салынатын алғашқы «Балқаш» станциясының құрылысында «Росатом» корпорациясы жетекші рөл атқарады», — деді Мемлекет басшысы.

Smart Cargo, AI Jol және цифрлық көлік дәлізі

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласындағы екіжақты ықпалдастықтың стратегиялық маңызына ерекше назар аударып, отандық IT-шешімдердің әлеуетін атап өтті. Омбыдағы Өңіраралық ынтымақтастық форумында жүк тасымалын жетілдіру мен көлік инфрақұрылымын басқаруға арналған қазақстандық Smart Cargo және AI Jol жобалары таныстырылды.

Қазан айында Қазақстан мен Ресей арасында электронды жүкқұжатты қолдану арқылы автокөлікпен жүк тасымалдау пилоттық режимде сәтті іске асырылды. Ендігі кезекте ұлттық ақпараттық жүйелерді өзара интеграциялап, цифрлық шешімдерді тәжірибеге толық енгізу қажет.

«Келешекте Қазақстан мен Ресей арасында толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалыптастыруға болар еді. Бүгін көрмеде екі елдің жүк тасымалы саласындағы ықпалдастығы алдағы уақытта қалай өрбитіні таныстырылды. Келешегінен көп үміт күтеміз. Табиғаттың өзі сыйға тартқан артықшылығымызды ескерсек, көлік-логистика саласын дамытуда ерен жетістіктерге жете аламыз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

SHARE Kazakhstan 2026: Алматыны жаяу жүргіншілерге қолайлы қалаға айналдыру — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img