Қазақ жерінде туған төл аңыздар мен ертегілер еуропалық оқырманға жол тартты.
Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің бастамасымен «Ұлы дала аңыздары» атты комикс жинағы тұңғыш рет француз және нидерланд тілдерінде басылып шықты. Кітаптың ресми тұсаукесері Брюссельдегі әйгілі Комикстер орталығында өтті, — деп хабарлайды jananews.kz.
Бельгия Короліне сыйға тартылған бес жауһар
Айта кетейік, жаңа туындының алғашқы данасы қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында мәртебелі меймандарға табысталған болатын. Заманауи комикс жанрында безендірілген жинаққа қазақ фольклорының бес көрнекті туындысы енген. Олар: «Ер Төстік» ертегісі, «Айша бибі» аңызы, «Естай мен Қорлан» хикаясы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» лиро-эпостық жыры және «Махамбет» туралы тарихи баян.
Қазақ фольклорының жауһарларын түпнұсқадан француз және нидерланд тілдеріне 30 жылдан астам уақыт Бельгияда тұратын отандасымыз, сот саласында машықтанған кәсіби аудармашы Назгүл Балмұхан тәржімалаған.
«Осы оқиғаларды оқырмандарға екі тілде де түсінікті әрі әсерлі жеткізуге тырыстым. Қазақстан — менің туған жерім. Сондықтан осы туындылар арқылы Бельгия оқырмандарын қазақ мәдениетімен таныстыру мен үшін үлкен қуаныш», — деді аудармашы Назгүл Балмұхан.
Еуропалық сарапшылардың бағасы мен «Бельгиядағы қазақ кітапханасы» жобасы
Тұсаукесерге қатысқан бельгиялық мамандар мен саясаткерлер кітаптың көркемдік деңгейі мен таңдалған жанрдың сәттілігін ерекше атап өтті:
«Кітаптың графикалық безендірілуі өте қызықты. Бастапқыда бұл комиксті бұрынғы дәстүрлі үлгідегі туынды шығар деп ойлап едім. Бірақ оның көркемдік стилі заманауи, суреттері керемет. Маған қатты ұнады», — деді Бельгияның Комикстер орталығының бас директоры Изабель Дебеккер.
Ал Бельгия Өкілдер палатасының депутаты Катрин Ван Рит комикс өнерімен танымал ел үшін мұндай форматтың тиімді екеніне назар аударды:
«Ұлы Даланың аңыздары — қазақ халқының ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан асыл мұрасы. Оларды қос тілге аударып, комикс жанры арқылы оқырманға таныстыру — сәтті бастама», — деді депутат.
Шара барысында Қазақстан Елшісі Роман Василенко қонақтарға Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы туралы баяндап берді. «Ұлы дала аңыздары» жинағы дипломатиялық өкілдік қолға алған «Бельгиядағы қазақ кітапханасы» жобасының алғашқы қарлығашы саналады. Алдағы уақытта елшілік отандық авторлардың шығармаларын француз және нидерланд тілдеріне аударып, жыл сайын жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

