Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің отырысы өтті

Елордада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Құрылтайшылар кеңесінің отырысы өтті.

Халықаралық деңгейдегі басқосуға әлемнің 50-ден астам елінен сала мамандары жиналды, — деп хабарлайды jananews.kz.

Негізгі мәселелер және WADA басшылығының ұстанымы

Жиында допингке қарсы кодекс талаптарының сақталуы, таза спортты қорғау тетіктерін жетілдіру және бейінді ғылыми зерттеулерді дамыту бағыттары талқыланды. Агенттік президенті Витольд Баньканың айтуынша, бүгінде жаһандық спортта кәмелетке толмаған спортшылардың тыйым салынған препараттарды жиі қолдануы және допингті жасыру тәсілдерінің күрделене түсуі басты сын-қатерге айналып отыр. Осыған байланысты ол тек жазалау шараларымен шектелмей, алдын алу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

WADA бас директоры Оливер Неггли Қазақстандағы допингке қарсы жүйенің жұмысына оң баға берді:

«Қазақстанның допингке қарсы ұйымымен ұзақ жылдар бойы байланыс орнатып келеміз. Менің ойымша, сіздерде бұл бағыттағы бағдарлама жақсы жолға қойылған әрі тәуелсіз жұмыс істейді. Қазір басқа мемлекеттердегідей Қазақстанда да стандартты мониторинг жүргізіп жатырмыз. Осы уақытқа дейін бұл елде бізді қатты алаңдататын мәселелер тіркелмеді», — деді Оливер Неггли.

Қазақстан мен WADA арасындағы ынтымақтастық

Айта кетейік, биыл Қазақстан мен Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжат құқық бұзушылықтардың алдын алуға және екіжақты әріптестікті нығайтуға бағытталған. ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жас буын арасында таза спорт мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды:

«Жас спортшылар арасында допингке қарсы көзқарасты қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Астанадағы кездесулер осы бағыттағы ортақ жұмысымызға жаңа серпін береді деп сенемін. Біздің ортақ мақсатымыз — спортшыларымыздың құқығын қорғау, баршаға тең жағдай жасау және спортқа деген сенімді сақтау», — деді министр.

Допингке қарсы күрестің әлемдік көшбасшылары Астанада бас қосады — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img