Педагогтердің біліктілігін арттыратын курстарды өткізу ережелері жаңартылды

Оқу-ағарту министрі 2026 жылғы 29 мамырдағы бұйрықпен педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ педагог қызметін курстан кейінгі сүйемелдеу қағидаларына маңызды өзгерістер енгізді.

Жаңа ережелер педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру процесінің сапасын арттыруды және оқу жүйесін заман талабына сай автоматтандыруды көздейді.

Тренер-оқытушылар құрамына қойылатын жаңа талаптар

Жаңа талаптарға сәйкес, біліктілікті арттыру курстарын тек білім беру қызметін жүзеге асыратын және арнайы тізілімге енгізілген ұйымдар ғана өткізе алады. Оқытушылар құрамының кәсіби деңгейін қамтамасыз ету мақсатында келесідей қатаң талаптар бекітілді:

— Курстың білім беру бағдарламасы бағыты бойынша тренер-оқытушылардың кемінде үш жыл еңбек өтілі болуы міндетті.

— Тренер-оқытушылардың кемінде 40 пайызы ғылым кандидаты, ғылым докторы, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор немесе магистр дәрежесіне ие болуы қажет.

Баламалы санаттарға «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-шебер» біліктілік санаты бар мұғалімдер мен тиісті саладағы кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек ететін тәжірибелі мамандар да сәйкес келеді.

Сонымен қатар, ұйымның шешімімен жекелеген дәрістер оқуға және практикалық сабақтар өткізуге өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен жұмыс берушілер қауымдастықтарының өкілдері де тартылуы мүмкін.

Курстарды өткізу форматтары және LMS жүйесі

Жаңа қағидаға сәйкес, педагогтердің біліктілігін арттыру курстары үш негізгі форматта ұйымдастырылады:

  1. Күндізгі формат жұмыстан қол үздіріп, жалақысы толық сақталатын дәстүрлі оқу түрі.

  2. Қашықтан оқыту жұмыстан қол үзбей, онлайн режимде білім алу мүмкіндігі.

  3. Аралас формат күндізгі және қашықтан оқыту формаларын өзара ұштастыру.

Қашықтан және аралас форматтағы оқу процесі арнайы LMS (Learning Management System) — оқу процесін басқаруды автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады. LMS жүйесінде әрбір тыңдаушының жеке кабинеті, оқу және бағалау материалдары, сабақ кестесі, сондай-ақ курстан кейінгі сүйемелдеу материалдары орналастырылады. Осыған байланысты, онлайн оқытуды жүргізетін ұйымдардың LMS жүйесі туралы мәліметтер қамтылған жеке интернет-ресурсы (сайты), сондай-ақ санитариялық талаптар мен өрт қауіпсіздігі нормаларына толық сай келетін материалдық-техникалық базасы болуы шарт.

Курстың ұзақтығы және қорытынды бағалау

Курстардың ең төменгі ұзақтығы 36 академиялық сағатты құрайды (бір академиялық сағаттың ұзақтығы — 45 минут). Оқу бағдарламасы аяқталғаннан кейін тыңдаушылар қорытынды бағалаудан өтеді. Сынақтан сәтті өткен педагогтерге қағаз немесе электрондық форматта сертификат беріледі. Электрондық сертификаттар міндетті түрде QR-кодпен рәсімделіп, педагогтердің бірыңғай деректер базасы арқылы верификациядан (тексеруден) өткізілуі тиіс. Егер электрондық сертификат берілсе, қағаз нұсқасын қоса ұсыну талап етілмейді.

Өтінім беру және жоспарлау мерзімдері

Білім беру ұйымдары келесі күнтізбелік жылға арналған біліктілікті арттыру жоспарын кезең-кезеңімен бекітеді:

1 маусымға дейін мектептер мен балабақшалар өз өтінімдерін аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдеріне жолдайды (республикалық ұйымдар тікелей уәкілетті органға өткізеді).

1 шілдеге дейін білім бөлімдері өтінімдерді қарап, жоспарды қалыптастырады және оны білім басқармаларына ұсынады.

1 қыркүйекке дейін Білім басқармалары алдағы қаржы жылына арналған өңірлік жоспарды әзірлеп, педагогтерді курстарға бөлу жөніндегі ұсыныстармен бірге уәкілетті органға жолдайды.

Педагогтер өздерінің кәсіби құзыреттерін мемлекеттік бюджет есебінен де, заңмен тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру көздері арқылы да жетілдіре алады.

Жаңа бұйрық 2026 жылдың 15 маусымынан бастап ресми түрде қолданысқа енгізіледі, ал оның жекелеген нормалары үстіміздегі жылдың 12 шілдесінен бастап күшіне енеді.

Елордадағы балалар ауылында күн электр станциясы іске қосылды — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img