Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрландыру азаматтардың жоғары технологиялық медициналық қызметтерге қолжетімділігін айтарлықтай арттырды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы көрсетілген 215 миллионнан астам медициналық қызметтің 190,8 миллионы (88,6%-ы) электрондық форматта ұсынылды. Осы цифрлық шешімдердің арқасында күрделі әрі маңызды ПЭТ/КТ (позитрондық-эмиссиялық томография) зерттеуін күту мерзімі 3 айдан 2 аптаға дейін қысқарды.
Цифрлық денсаулық сақтау саласының негізгі жетістіктері
Цифрландыру процесі медициналық қызмет алуды жеңілдетіп, қағазбастылықты азайтты. Медициналық анықтамалардың 12 түрі цифрландырылып, оның 5-еуі тек онлайн форматқа көшірілді. 2025 жылы азаматтарға 8,5 миллион электрондық анықтама берілді (бұл бұрынғы көрсеткіштен 2,2 есе көп).
2025 жылы 5,6 миллион азамат дәрігер қабылдауына тіркеу бөліміне бармай-ақ, цифрлық сервистер арқылы онлайн жазылды. Диагностикалық зерттеулерге кезекті реттеу жүйесі ПЭТ/КТ күту уақытын 2 аптаға дейін азайтты.
2026 жылдан басталатын жаңа цифрлық жобалар
Денсаулық сақтау саласында азаматтарды цифрлық сүйемелдеудің жаңа кезеңі басталады:
— 18 жасқа дейінгі 7 миллионнан астам бала, репродуктивті жастағы 5 миллион әйел және 400 мың жүкті әйел цифрлық бақылаумен қамтылады.
— Онлайн брондау қағидаты бойынша дәрігерлердің бірыңғай қабылдау кестесі мен бірыңғай e-Health порталы іске қосылады.
— Пациенттерге, медицина қызметкерлеріне және медициналық ұйымдарға арналған арнайы мобильдік сервистер мен кері байланыс тетіктері енгізіледі.

