Енді қазақстандықтар жұмыс іздеп әуреге салынбайды

Қазақстанда жұмыспен қамту саласы жаңа проактивті цифрлық форматқа көшірілуде. Енді азаматтар бос жұмыс орындарын өздері қарастырмайды, жүйе олардың біліктілігі мен еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес лайықты жұмысты өзі ұсынады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеуінше бастама аясында азаматтарға біліктілігін арттыру, басқа өңірлерге қоныс аудару және жасанды интеллект алгоритмдері арқылы оқыту курстары ұсынылады.

Цифрлық жұмыспен қамту қызметінің жұмыс істеу механизмі

Жаңа проактивті жүйенің «жұмыс адамды өзі табады» деген негізгі қағидаты келесі алгоритмдер бойынша жүзеге асады:

— Жүйе жұмыс берушілердің қажеттіліктері мен жұмыссыз жүрген азаматтардың түйіндемелерін талдайды.

— Сәйкес келген бос орындар туралы ақпарат азаматтарға eGov Mobile, Enbek.kz мобильді қосымшалары, 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар және болашақта Aitu қосымшасындағы ЖИ-көмекші арқылы жолданады.

— Жасанды интеллект өңірлік және өңіраралық деңгейде, әсіресе сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар бойынша әр азаматқа жеке-жеке бос орындар ұсынады.

— Тұрақты жұмыс тапқанға дейін азаматтарға қайта даярлау, курстардан өту және субсидияланатын қоныс аудару бойынша толық сүйемелдеу көрсетіледі.

Пилоттық жоба нәтижелері және өңірлерге енгізу кестесі

Жоба шілде айында Павлодар облысында пилоттық режимде іске қосылды. Осы уақыт ішінде өңір тұрғындарына жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы 39 000 смс-хабарлама жіберілген. Нәтижесінде 962 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал қыркүйек айында цифрлық жұмыспен қамту қызметін Маңғыстау облысына енгізу жоспарлануда. Жыл соңына дейін сервис еліміздің барлық 20 өңірінде қолжетімді болады.

 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img