Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында қазақстандық спортшы қыздар керемет нәтиже көрсетіп, барлық қарсыластарынан басым түсті.
Бұл туралы Қазақстанның ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Әсіресе, жарыс жолында 15 жастағы Снежана Қашқарова ерекше көзге түсіп, чемпионаттың басты сенсациясына айналды.
5 алтын медаль және әлемдік рекордтар
57 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Снежана Қашқарова жарыс барысында шын мәнінде феноменалды көрсеткіштерге қол жеткізді. Ол бірден 3 Азия рекордын және 3 әлемдік рекордты жаңартты:
Жұлқа көтеруде: 88 кг
Серпе көтеруде: 112 кг
Қос сайыс қорытындысы бойынша: 200 кг
Бұл жарқын нәтиженің арқасында 15 жастағы отандық зілтемірші 5 алтын медальді канжығасына байлап, 17 жасқа дейінгі және 20 жасқа дейінгі қыздар арасында Азия құрлығының абсолютті чемпионы атанды.

