Мамандық таңдауға арналған платформа қандай мүмкіндік ұсынады?

Мамандық таңдау – әрбір адамның өміріндегі ең жауапты әрі маңызды қадамдардың бірі. Болашақ кәсіпті дұрыс таңдау тек сапалы білім алуға ғана емес, сонымен қатар кәсіби тұрғыда табысты дамуға тікелей әсер етеді.

Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтарға кәсіп таңдауға көмектесетін тегін «Мансап компасы» цифрлық платформасының мүмкіндіктерін еске салады, — деп хабарлайды jananews.kz.

Платформаның негізгі мақсаты мен көрсеткіштері

«Мансап компасы» (mansap.enbek.kz) – оқушыларға, олардың ата-аналарына және ересек азаматтарға кәсіп таңдауға, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды білуге және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен танысуға көмектесетін бірыңғай жүйе. Қазіргі таңда платформа жастар арасында үлкен сұранысқа ие.

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, ел бойынша 7–11-сыныптарда оқитын 34 596 оқушы кәсіби бағдарлау тестінен өткен. Тестілеуге ең көп қатысқан – Қызылорда облысы (22 602 оқушы). Сондай-ақ Шығыс Қазақстан (3 497), Жамбыл облысы (2 675) және Астана қаласының (2 456) оқушылары белсенділік танытқан.

«Мансап компасы» қандай мүмкіндіктер береді?

Платформада мамандық таңдауға қажетті барлық ақпарат бір жерге жинақталған. Платформаның басты артықшылығы – қолданушының қандай мамандықтарға қызығатынын және қай салаға бейімі бар екенін анықтайтын арнайы тест. Нәтижесінде әр оқушыға жеке ұсыныстар беріліп, өзінің мықты тұстарын түсінуге көмектеседі.

Мұнда түрлі мамандықтар, оларға қажетті дағдылар, өңірлер бойынша сұраныс пен жалақы деңгейі туралы мәліметтер жинақталған. Пайдаланушы таңдаған мамандығын қай оқу орнында меңгеруге болатынын бірден көре алады. Бұл әсіресе түлектер мен ата-аналар үшін үлкен көмек. Платформа тек мектеп оқушыларына ғана емес, қызмет саласын өзгерткісі келетін, жаңа мамандық меңгеруді немесе мансап жолын қайта жоспарлауды жоспарлаған ересек азаматтарға да ашық.

Айта кетейік, тестілеу нәтижелері ұсынымдық сипатқа ие. Сондықтан кәсіпті түпкілікті таңдағанда адамның жеке қызығушылығы, қабілеті, білім алу мүмкіндіктері мен қажетті дағдыларды меңгеруге дайындығы ескерілгені жөн. Бұл цифрлық платформаны mansap.enbek.kz сайты арқылы кез келген азамат тегін пайдалана алады.

Жүк көліктерінің қозғалысын бақылау шаралары күшейтіле ме? — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img