Қазақстанда 70 жыл бұрын жойылып кеткен жыртқыштың түрін қайта жандандыру бағытындағы ауқымды экологиялық жоба сәтті жүзеге асырылуда.
2033 жылға дейін «Іле-Балқаш» резерватына барлығы 10 Амур жолбарысын жіберу жоспарланып отыр, — деп хабарлайды jananews.kz.
Тарихи мекенге жіберілген екінші жолбарыс
Осыдан үш ай бұрын табиғат аясына алғашқы Үміт атты жолбарыс босатылған болатын. Енді міне, екінші аталық жыртқыш та өз мекеніне жіберілді. Төрт жасар Амур атты жыртқыш Қазақстанға мамыр айында Ресейден жеткізіліп, тез жерсініп кетуі үшін бірнеше ай бойы мамандардың қатаң бақылауында болды. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, екі жолбарыстың арасы 20–25 шақырымды құрайды және аталық жыртқыш оны табуы тиіс. Жоба аясында 2033 жылға дейін кезең-кезеңімен 10 жолбарыс әкелініп, олардың өсіп-өнуі үшін табиғи ортадағы популяциясы 50 данаға жетуі қажет.
Резерваттың дайындығы және қауіпсіздік шаралары
Ғалымдар бұрын қазақ даласын мекендеген Тұран жолбарысының генетикасы Амур түқымымен ұқсас екенін, сондықтан жерсіну процесі жеңіл өтетінін айтты. 2018 жылы Іле мен Балқаш арасында 450 мың гектар аумаққа арнайы резерват құрылып, қорек ретінде 119 құлан мен 200 Бұқар бұғысы жіберілген еді. Қазір бұл аумақты 3000-нан астам жануар мекендейді.
Жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жыртқыштарға GPS құрылғысы орнатылған. Егер аң қауіпсіз аймақтан ауытқыса, тұрғындарға дереу SMS-хабарлама түсіп, арнайы жедел топ әрекет етеді. Бұл 35 жылға жоспарланған ауқымды экологиялық жоба еліміздің табиғи тепе-теңдігін сақтап, экожүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталған.
Еліміздің су ресурстарын қорғауға волонтерлер тартылмақ — jananews.kz

