Оңтүстік Кореяның Кунсан қаласында спорттық құзға өрмелеуден Азия кубогының кезеңі аяқталды.
Тартысты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары «жылдамдық» және «боулдеринг» бағыттары бойынша бақ сынады, — деп хабарлайды jananews.kz.
Қазақстандық спортшылардың нәтижелері
Жарыс қорытындысы бойынша еліміздің спортшылары бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, әйелдер арасындағы «жылдамдық» сайысында отандасымыз Анна Баларшина шеберлік танытып, жетінші орынға ие болды және үздік ондыққа енді. Ерлер арасындағы сайыста Жандос Қалыбай 17-орынға, ал әйелдер арасындағы «жылдамдық» сайысында Арина Новицкая 17-орынға тұрақтады.
Ерлер арасындағы «боулдеринг» сайысында Азат Майкотов 29-орын, Вадим Ишмухаметов 36-орын, Матвей Есипов 37-орын, Глеб Семешкин 39-орынға жайғасты. Ал әйелдер арасындағы жарыста Айханым Айдарханқызы 19-орын, Полина Андреева 30-орын, Виктория Адаменко 35-орынға тұрақтады. Отандастарымыз халықаралық аренада еліміздің намысын қорғап, алдағы жарыстарға дайындықтарын жалғастыруда.

