Қазақы тазы – аңшылық иттің мінсіз үлгісі

Италияның Болонья қаласында өтіп жатқан World Dog Show-2026 халықаралық көрмесінде Қазақстанның ұлттық стенді мамандар мен қонақтардың ерекше назарын аударды. Дәстүрлі киіз үй үлгісінде безендірілген алаңда қазақ халқының мақтанышы – тазы тұқымы кеңінен таныстырылды.

Қазақы тазы осымен 3-рет World Dog Show дүниежүзілік көрмесіне қатысып, жыл сайын жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Халықаралық кинология федерациясы (FCI) қазақы тазы тұқымының стандартына иелік ету құқығын ресми түрде Қазақстанға бекітіп бергендіктен, әлем чемпионаттарында бұл тұқымды насихаттау жұмыстары жаңа деңгейге көтерілді.

Халықаралық сарапшылардың жоғары бағасы

Швейцарияда тұратын халықаралық санаттағы барлық тұқым бойынша төреші, селекционер және FCI басқарма мүшесі Барбара Мюллер қазақы тазының әлемдік деңгейдегі әлеуетіне тоқталды.

«Осыдан төрт апта бұрын Қазақстанда болдым және рингте қазақтың ұлттық тұқымына жататын 40-тан астам тазыны бағаладым. Бұл тұқыммен танысу өте қызықты болды. Кейбір иттер таулы аймақтардан шыққан, енді біреулері шөлді өңірлерден. Бұл олардың дене бітімі мен сүйек құрылымынан анық байқалады. Тазының 2023 жылы FCI Бас ассамблеясында алдын ала мойындалғанына өте қуаныштымын. Менің ойымша, әлемде кәсіби мамандардың қазақы тазыға деген қызығушылығы барған сайын артып келеді», – деді Барбара Мюллер.

Сонымен қатар, халықаралық төреші Болоньядағы дәстүрлі киіз үй үлгісінде жасалған Қазақстанның ұлттық стендіне де жоғары баға беріп, тазының өте сабырлы ит екенін атап өтті.

Қазақы тазы — аңшылық иттің мінсіз үлгісі

Германия кинологтар одағының (VDH) президенті Петер Фридрих те қазақы тазы туралы өз пікірін білдіріп, бұл тұқымның кинология әлемінде өте жоғары бағаланатынын жеткізді. Сарапшы тазыны белсенді өмір сүруге және аңшылыққа тамаша бейімделген, қозғалыс биомеханикасы мен сымбаты ерекше, мінезі жақсы мінсіз ит деп есептейді. Петер Фридрих халықаралық қауымдастықтың назарын аударып отырған тазының екі негізгі қасиетін ерекше атап өтті:

Таңғаларлық сабырлылығы, тазы күнделікті өмірде өте тыныш әрі байсалды бола алады. Қажет болған сәтте бір мезетте аса қуатты аңшылық белсенділікке көшеді, ал аңшылықтан кейін қайтадан тез тынышталып, мейірімді әрі әлеуметтенген қалпына оралады.

Мамандардың пікірінше, World Dog Show сияқты беделді халықаралық көрмелерге тұрақты қатысу қазақы тазының әлемдік деңгейде толық және түпкілікті мойындалуына даңғыл жол ашады.

Елімізде мамандарды қайта даярлайтын жаңа орталық құрылады — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img