Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Швейцарияның Женева қаласына жасаған жұмыс сапары аясында маңызды мәлімдемелер жасады.
Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) ұйымдастырған Халықаралық еңбек конференциясының 114-сессиясының пленарлық отырысында баяндама жасаған ведомство басшысы, еліміздегі әлеуметтік-еңбек саласын жаңғырту мен цифрландырудың негізгі бағыттарын таныстырды. Министр бастап барған отандық делегация құрамында жұмыс берушілер мен кәсіподақтар өкілдері де болды. Жиында 2026 жыл елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланғаны атап өтіліп, бұл еңбек нарығын басқаруда мемлекеттің рөліне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретіні жеткізілді.
Ұлттық кәсіптерді трансформациялау орталығы
Асқарбек Ертаев қазіргі жағдайда еңбек саясатының тек салдарлармен күресу тәсілі жеткіліксіз екенін алға тартты. Оның пайымдауынша, әлемдегі еңбек министрліктері өзгерістерді алдын ала болжауға және деректерге негізделген тәуекелдерді басқаруға көшуі тиіс. Осы мақсатта Қазақстанда келесідей маңызды қадамдар жасалуда:
Азаматтардың жаңа дағдыларды дер кезінде меңгеруін қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық кәсіптерді трансформациялау орталығы құрылуда.
Бұл орталықтың аясында азаматтар өздерінің жұмысынан айырылу қаупі нақты туындамай тұрып-ақ, жеке траекториялар бойынша алдын ала қайта даярлау курстарынан өту мүмкіндігіне ие болады.
Ұлттық біліктілік жүйесі шеңберінде заманауи экономиканың жаңа сұраныстарына сәйкес 600-ден астам кәсіптік стандарт өзектендірілу үстінде.
Жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсері
Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстанда автоматтандыру қаупіне ұшырауы мүмкін мамандықтарды алдын ала анықтауға жағдай жасайтын жұмыспен қамтуды болжаудың ұлттық жүйесі қалыптасып келеді. Болжамдық көрсеткіштер мен еңбек қауіпсіздігіндегі өзгерістер:
— 2035 жылға қарай жасанды интеллект технологиялары Қазақстандағы жалпы жұмыс күшінің шамамен 41%-ына белгілі бір деңгейде ықпал ететін болады.
— Толық автоматтандыру қаупі төніп тұрған жұмыс орындарының үлесі 1%-дан да аз. Бұл мамандықтардың мүлдем жойылуын емес, олардың ішіндегі атқарылатын еңбек міндеттері мен функцияларының заман талабына сай қайта құрылуын білдіреді.
— Еңбек қатынастары саласындағы цифрлық экожүйе өндірістік жарақаттану себептері мен қызметкерлер құқықтарының бұзылу тәуекелдерін ерте кезеңде анықтау үшін жасанды интеллект шешімдерін қолданады. Бұл еңбек инспекциясының жұмысын бақылаудан профилактикаға бағыттауға жол ашады.
Проактивті цифрлық жұмыспен қамту қызметі
Елімізде жасанды интеллект технологиялары арқылы жұмыс іздеушілерге бос жұмыс орындары мен оқыту мүмкіндіктері бойынша жеке ұсынымдар қалыптастыратын жаңа буынның цифрлық қызметтері енгізілуде.
Бүгінгі таңда осындай 50 мыңнан астам жеке ұсыным беріліп үлгерді. Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша, бұл жоба аясында жалпы алғанда кемінде 600 мың азаматты қамту көзделіп отыр. Қазақстан ХЕҰ-ның жасанды интеллектіні енгізу барысында қызметкерлердің дағдыларын дамыту, еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік диалогты нығайту қажет деген жаһандық ұстанымын толық қолдайды.
АҚШ-та 750 доллар төлеп жылдам виза алуға бола ма? — jananews.kz


