Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында үстіміздегі жылдың 11-12 шілде күндері қазақтың асыл сусыны қымызға арналған «BaiQymyz — бапталған қымыз ұлттық тағамдар гастрофестивалі» атты халықаралық ірі көлемдегі мәдени-аграрлық іс-шара өтеді.
Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі ресми мәлімдеме таратты. Аталған фестиваль халқымыздың дәстүрлі тағам мәдениетін, оның ішінде қымыз өндіру дәстүрін жаңғырту мен халықаралық деңгейге ілгерілетуге бағытталған. Ұйымдастырушылардың болжамы бойынша, ауқымды іс-шараға 60-70 мың адам келеді деп жоспарлануда.
Халықаралық қатысушылар және бас бәйге — автокөлік
Фестивальге еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ көршілес Қырғызстан мемлекеті мен Ресей Федерациясынан (Саха) 60-қа жуық қымыз өндіруші қатысады. Жобаны әлемге танымал «Октоберфест» сияқты халықаралық үлгідегі мәдени-аграрлық брендке айналдыру көзделуде. Қонақтар екі күн бойы қымыздың түр-түрінен дәм татып, этно-мәдени бағдарламаларды тамашалай алады. Фестивальдің негізгі жаңалықтары мен байқау шарттары:
Сайыстың жалпы жүлде қоры 45 миллион теңгені құрайды. Халықаралық деңгейдегі «Ең үздік қымыз» байқауы аясында «BaiQymyz-2026», «Ем қымыз» және «Халық таңдауы» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталады. Үздік шыққан қатысушыларға қаржылай сыйлықтар мен арнайы кубоктар берілсе, бас жүлде иегеріне жаңа автокөлік сыйға тартылады.
Жылқылар аукционы, қолөнер және суретшілер көрмесі
Шара аясында тек гастрономия емес, көшпенділер мәдениетінің өзге де құндылықтары дәріптеледі. Тұрғындар мен қонақтар үшін арнайы алаңдар жұмыс істейді. Көрмеге қазақтың жабы, мұғалжар, қостанай, көшім және адай секілді асыл тұқымды жылқылары шығарылады. Арнайы өткізілетін сауда-саттық барысында 30-ға жуық асыл тұқымды жылқы аукцион арқылы сатылымға шығарылады.
Ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесінде зергерлік бұйымдар, былғары және ағаштан жасалған туындылар, сондай-ақ ат-әбзелдері ұсынылады. Жұмақын Қайрамбаев, Досбол Қасымов, Сембіғали Смағұлов, Геймран Баймұханов және Дәурен Қастеев сынды белгілі суретшілердің бірегей шығармалары қойылып, жабық форматтағы арт-аукцион ұйымдастырылады.
Спорттық жарыстар мен концерттік бағдарлама
Фестивальдің мәдени бөлігінде отандық эстрада жұлдыздары — Sadraddin, Қазыбек Құрайыш, Ғазизхан Шекербек, Жұбаныш Жексен, Қайрат Баекенов пен «Format» тобы, Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина және «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетеді.
Спорттық бағдарлама аясында ұлттық және заманауи ойын түрлерінен қызықты жарыстар өтеді. Көкпар, аударыспақ және қыз қуу, ерлер және әйелдер бәйгесі, тазылар жарысы және балалар Rodeo-сы және шөген (polo) және ат үстіндегі квиддич пен конкур.
Сонымен қатар, руханиятты насихаттау мақсатында жылқы шаруашылығы, қымыз өндіру, ұлттық тағамдар мен көшпенділер өркениетіне арналған арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылады. «BaiQymyz-2026» фестивалі — елдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған бірегей жоба.
600 мыңнан астам туризм саласының маманы тұрақты жұмыспен қамтылды — jananews.kz


