Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбие саласын жетілдіру мақсатында ата-аналар мен балаларға қолайлы жағдай жасайтын жаңа мемлекеттік қызмет түрлерін енгізу қолға алынды.
Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, — деп хабарлайды jananews.kz.
Балабақшалардағы бүгінгі ахуал және ваучерлік қаржыландыру
Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметінше, бүгінде республика бойынша 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Онда 2 жастан 6 жасқа дейінгі 1,1 миллион бала тәрбиеленуде:
437 мың бала – 5 357 мемлекеттік балабақшада;
521 мың бала – 6 853 жекеменшік балабақшада;
167 мың бала – мектепалды даярлық сыныптарында білім алуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қазіргі уақытта «ақша баламен бірге жүреді» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске асырылуда. Бұл жүйе ата-аналарға балабақшаның меншік нысанына қарамастан (мемлекеттік немесе жекеменшік) баласына қолайлы мекемені өзі таңдауға мүмкіндік береді.
Жаңа тәртіптің ерекшеліктері мен артықшылықтары
Пилоттық жоба аясында баланы бір балабақшадан екіншісіне ауыстыру рәсімін оңтайландыру үшін арнайы мүмкіндіктер қарастырылған. Ата-аналар қалаған балабақшасынан орын бос болғанша күту парағына тіркеліп, өз кезегін сақтай алады. Кезек күту кезеңінде бала басқа мектепке дейінгі ұйымда тәрбиелініп, білім алуын жалғастыра береді.
Министрлік осы пилоттық жобаның қорытындысы бойынша балабақша ауыстырудың жаңа мемлекеттік қызметін ресми түрде енгізуді жоспарлап отыр. Бұл ретте рәсімнің ашықтығы, сондай-ақ ата-ананың қалауы мен баланың жеке қажеттіліктері қатаң ескеріледі. Сондай-ақ пилоттық жоба кезінде «жалған тәрбиеленушілер» мен әртүрлі өңірлердегі деректердің қайталануы сияқты олқылықтар анықталып, Оператор («Қаржы орталығы» АҚ) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп деректерді өзектендіру және сәйкессіздіктерді жою жұмыстарын жүргізуде.
Жамбыл облысында шаруа салмағы 775 грамға жететін шабдалы өсірді — jananews.kz

