Жамбыл облысы Меркі ауылының тұрғыны ауқымы мен салмағы жағынан таңғалдырарлық алып шабдалы өсірді.
Ерекше жемістің бір данасының салмағы 775 грамға жеткен, деп хабарлайды qazaqstan.tv арнасы. Мамандардың айтуынша, бұл – елімізде бау-бақ өсіру тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Салыстыру үшін айтар болсақ, былтыр әлемдік рекорд АҚШ-тың Вирджиния штатында тіркеліп, 830 грамдық шабдалы Гиннес рекордтар кітабына енген болатын.
Испандық сорт және Меркінің табиғи ерекшелігі
Ерлі-зайыпты Бақтияр мен Нұргүл Затілдаевтар 2023 жылы шабдалының испандық «Экстрим» сортын Түркиядан алдырған. 300 көшеттің әр түбін 11 доллардан сатып алып, бұл кәсіп үшін Алматыдан арнайы Меркіге көшіп келген. Жер ауыстырып, тынымсыз еңбек еткен шаруалар небәрі 50 соттық жерден 5 тонна өнім алып, үлкен жетістікке қол жеткізді. Тіпті бір ағаштың өзі 75 келіге дейін өнім берген.
Түркиялық мамандардың өздері көлемді жемістерді көріп, Меркінің топырағы мен тау суына таңырқаған. Тау суы сарқырап ағатындықтан, құрамында оттегі өте көп. Сонымен қатар топырақтың 30-35%-ы майда тастардан тұруы бұл жеміске ерекше қолайлы жағдай туғызған. Қазіргі уақытта шаруалар шабдалының келісін 3 мың теңгеден саудалап отыр.
Алқапты кеңейту жоспары және мемлекеттік қолдау
Ерлі-зайыптылар алдағы уақытта бұл бау-бақша аумағын 4 гектарға жеткізу үшін 2,5 мың түп көшетке тапсырыс бергісі келеді. Алайда олар көшетке берілетін субсидияның аздығын айтып, алынатын өнім көлемін арттыру үшін жеңілдетілген қаржылай көмек қажет екенін жеткізді.
Өз кезегінде облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы қазіргі ережеге сәйкес мұндай өнімге арнайы субсидия қарастырылмағанын, бірақ тыңайтқыш пен дәрі құнының 60%-ы өтейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ элиталы сорт еккені үшін зерттеу институтының нұсқамасымен шаруаға тегін қойма салып беру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта тау етегіндегі 1 гектарға егілген шабдалыдан 5 жылдан кейін 45 тонна өнім алуға болады. Бұл Меркі ауданын елдегі басты шабдалы шаруашылығының орталығына айналдыруға толық мүмкіндік береді. Айта кетейік, аймақтағы 1,8 мың гектар бау-бақшаның тек 24 гектарында ғана шабдалы өсіріледі.
2029 жылға дейін докторанттардың шәкіртақысы 500 мың теңгеге жете ме? — jananews.kz

