Құрылтайдың жалпы отырысында «1994 жылғы ДСҰ-ны құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстанның қосылуы туралы хаттамаға қосымша саналатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстанның ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, бұл өзгерістер Қазақстанның қызметтер саудасы бойынша Жалпы келісімді дамыту мақсатында ДСҰ ережелеріне қосылуын қарастырады.
Сауда көлемінің өсуі және көрсеткіштер
Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қосылған сәттен бастап еліміздің сауда көлемі айтарлықтай ұлғайды. 2015 жылғы 76,5 миллиард доллардан 2025 жылы 136,9 миллиард долларға жетіп, екі есе артты. 2025 жылы қызметтер экспорты шамамен 13 миллиард АҚШ долларын құрады.
Соңғы бес жыл ішінде электронды сауда көлемі 8 есе артып, 3,8 триллион теңгеге жетті. Халықаралық ұйымдар Қазақстанның сауда рәсімдерін жеңілдету және сауда процестерін цифрландыру бағытындағы жетістіктерін ерекше атап өтуде.
Жаңа ережелер мен салалық мүмкіндіктер
Талқыланып жатқан талаптар қаржылық қызметтерді қоса алғанда, қызмет көрсету саласын реттеудің жалпы негіздерін белгілейді:
— Өтінімдерді беру және оларды қарау мерзімдерін жеңілдету, сондай-ақ рұқсат құжаттарын электронды түрде тапсыру мүмкіндіктері қарастырылған.
— Қағидалар мемлекеттің қызмет көрсету саласын реттеу құқығын шектемейді. Қазақстан денсаулық, қауіпсіздік және басқа да қоғамдық мүдделерді қорғау мақсатында лицензиялау мен біліктілік талаптарын белгілеу құқығын өзінде сақтайды.
— Цифрлық экономика, электронды коммерция, қаржы, көлік, IT және кәсіби қызметтер бағыттары еліміз үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, инвестиция тартылуына және экспортыдың өсуіне ықпал етеді.
Бұл ратификациялау республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкелмейді.
Оңтүстік Корея Қостанай қаласында Локализация орталығын ашады — jananews.kz

