Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға бағытталған фаст-фудтың агрессивті жарнамасына алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке оның өскелең ұрпақ денсаулығына әсерін жан-жақты зерттеуді жүктеді.
Республикалық Тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде Президент құрамында май, қант және тұзы жоғары өнімдердің жарнамасын шектеудің әлемдік тәжірибесін қарастыруды ұсынды. Мемлекет басшысы тез ішіп-желінетін зиянды тағамдардың балалар арасында дұрыс емес тамақтану әдетін қалыптастырып, ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне ауыр салмақ түсіретініне және елдің болашақ еңбек күші әлеуетіне кері әсер ететініне баса назар аударды.
7 мыңға жуық бала диабетке шалдыққан: Президенттің тікелей мәлімдемесі
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі балалар арасындағы созылмалы дерттердің өсу динамикасына алаңдаушылық танытып, нақты статистика мен халықаралық тәжірибені алға тартты:
«Дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Олардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Көптеген ел құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салады немесе шектеу қояды».
Мемлекет басшысы бұл проблеманың өте күрделі екенін, оның түрлі шетін тұстары, пікірталастарға себеп болған медициналық және саяси астары бар екенін атап өтіп, Үкіметке нақты тапсырма берді:
«Дегенмен Үкімет, ең алдымен, балаларымыздың саулығын ойлап, аталған проблеманың ұңғыл-шұңғылын мұқият зерделеуі керек».
Құрамында майлар, шектен тыс қант пен тұздың мөлшері жоғары тағамдарды, тәтті өнімдерді шектеу. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және балаларға арналған медиа контентте зиянды тағамдарды насихаттауға тосқауыл қою.
Қытай шетелде заң бұзған азаматтарына елден шығуға тыйым салады — jananews.kz

