Енді елімізде онлайн несие алмас бұрын 7 сұраққа жауап беру керек

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарды интернет-алаяқтардан қорғау мақсатында жаңа талаптардың күшіне енгенін хабарлады.

Бүгіннен, яғни 2026 жылғы 1 қазаннан бастап елімізде тұтынушылық кепілсіз онлайн-қарыздарды ресімдеу кезінде азаматтардан міндетті түрде сауалнама алу жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды jananews.kz.

Жаңа сауалнаманың мәні мен мақсаты

Бұл шара банктер мен микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) алаяқтардың әсерімен ресімделетін заңсыз қарыздардың алдын алуға көмектеседі. Көбінесе қылмыскерлер азаматтарды психологиялық қысыммен немесе алдау арқылы несие алуға мәжбүрлеп, алынған ақшаны өз шоттарына аударып алады. Осындай қауіптерді дер кезінде анықтау үшін клиенттерге 7 сұрақтан тұратын тест-сауалнама ұсынылады.

Сауалнама барысында азаматтардан мынадай жайттар сұралады:

  1. Несие ресімдеуді кім ұсынды?

  2. Қарыз алуға дербес түрде әлде үшінші тұлғалардың өтініші бойынша жүгіндіңіз бе?

  3. Алынған қарыз қандай мақсаттарға жұмсалады?

  4. Шарттың негізгі талаптарымен толық таныстыңыз ба?

  5. Сізге біреу тарапынан қысым жасалып жатыр ма немесе асықтырып жатқандар бар ма?

  6. Несие алу фактісін банк қызметкерлерінен немесе туыстарыңыздан жасыру туралы кеңес берілді ме?

  7. Осыған дейін бейтаныс адамдардан «ақшаны қорғау» немесе «шотты тексеру» туралы күмәнді қоңыраулар келді ме?

Қаржы ұйымдарының әрекет ету тәртібі

Сауалнама нәтижелері бойынша қарыз алушының әрекетінен алаяқтықтың немесе үшінші тұлғалардың ықпалының белгілері байқалса, банк немесе МҚҰ қосымша тексеру жұмыстарын жүргізеді. Тексеру нәтижесіне қарай қаржы ұйымы шарт жасасуды жалғастыру, анықталған қауіпті мән-жайлар мен тәуекелдер жойылғанға дейін шартты тоқтата тұру немесе шарт жасасудан үзілді-кесілді бас тарту шешімдердің бірін қабылдайды.

Аталмыш жаңа талаптар бұған дейін енгізілген биометриялық аутентификация, қомақты онлайн-қарыздар үшін берілген «ес жию кезеңі» және несие алудан ерікті түрде бас тарту секілді қауіпсіздік шараларын толықтырып, алаяқтыққа қарсы күресті күшейте түседі.

Вакцина мен аутизм арасындағы байланыс туралы миф қайдан шықты? — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img