Қазақстан геосаяси тұрғыдан маңызды логистикалық жобаны қолға алмақ. Еліміз Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлесіп, Ауғанстан арқылы өтетін теміржол құрылысын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Бұл жоба отандық тауар өндірушілерге әлемдік мұхитқа төте жол ашуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды jananews.kz.
Үшжақты меморандум және жобаның маңызы
Астанада ҚР Көлік министрлігі Өзбекстан және БАӘ өкілдерімен арнайы кездесіп, маңызды үшжақты меморандумға қол қойды. Құжатқа сай арнайы жұмыс тобы құрылып, алдағы уақытта құрылыстың жай-жапсары мен ең тиімді бағыттар талқыланады.
Қазіргі уақытта Ауғанстанда теміржолдың болмауы тасымалда үлкен қиындықтар тудыруда. Мысалы, Сарыағаштан шыққан жүк Өзбекстанды кесіп өтіп, ауған жерінде автокөліктерге қайта тиеледі, ал Пәкістан шекарасында қайтадан пойызға артылады. Бұл уақыт пен қаржылық шығындарды едәуір арттырады. Жоспарланған жаңа дәліздің ұзындығы шамамен 700-800 шақырымды құрайды. Ол Өзбекстаннан Ауғанстан арқылы Пәкістанның теңіз порттарына дейін тікелей жалғанады.
Құрылыс мерзімі мен геосаяси маңызы
ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің басқарма басшысы Ерсұлтан Ержановтың айтуынша, еліміз бұған дейін де ауған жеріндегі теміржол құрылысына қатысқан тәжірибеге ие. Атап айтқанда, ұзындығы 130 шақырым болатын Хавгерат учаскесінің 45 шақырымын отандық «Integra Construction» компаниясы салған болатын.
Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыстағы күрделі геосаяси жағдайлар бұрынғы логистикалық бағыттарды өзгеруге мәжбүрлеп отыр. Жаңа теміржол бұл аймақтарды айналып өтіп, әлемдік нарыққа кедергісіз шығуға жол ашады. Үш мемлекет құрылысты бірлесіп жүргізуді көздеп отыр. Жоба келесі жылы басталып, баса-аяғы екі жыл ішінде толық аяқталады деп жоспарлануда.

