Алматы облысындағы бірегей табиғи ескерткіш – Шарын шатқалы халықаралық беделді басылымдардың бірі түзген рейтингте жоғары нәтиже көрсетті.
The Worldworthy 100 халықаралық басылымы жариялаған 2026 жылғы әлемнің үздік каньондары мен шатқалдарының тізімінде Шарын шатқалы 17-орынға ие болды, — деп хабарлайды jananews.kz.
Рейтингтің ауқымы мен Шарынның ерекшеліктері
Биылғы беделді тізімге дүние жүзіндегі 46 елден барлығы 100 табиғи нысан енген. Қазақстандық нысандардың арасынан оқ бойы озық шыққан Шарын шатқалы халықаралық деңгейде жоғары бағаланып отыр. Шарын өзенінің бойымен 154 шақырымға созылған бұл ғажайып шатқал Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан. Өңірдің ерекше табиғи ландшафттары мен бай биоалуантүрлілігін сақтау мақсатында бұл аумақ қатаң мемлекеттік қорғауға алынған.
Жоғары халықаралық рейтингтің қорытындысы бойынша ұлттық паркке The Worldworthy 100 редакциясы арнайы сертификат жолдады. Бұл марапат отандық табиғи нысанның жаһандық деңгейде ресми түрде мойындалғанын айғақтайды.
Рейтинг қалай жасалады?
The Worldworthy 100 – әлемдегі ең үздік табиғи, мәдени және туристік нысандарды жан-жақты саралайтын тәуелсіз халықаралық басылым. Аталмыш рейтингті жасау барысында саяхатшылардың нақты пікірлері мен ұсыныстары, халықаралық туристік анықтамалықтар мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар және ашық дереккөздер мен сараптамалық мәліметтер ескеріледі.
Шарын шатқалының бұл тізімге енуі еліміздің туристік әлеуетін әлем аренасында тағы бір мәрте асқақтатып, шетелдік саяхатшылардың Қазақстанға деген қызығушылығын арттыра түспек.
Қазақстанда шетелдіктер ЖСН-ді бір жұмыс күні ішінде онлайн рәсімдей алады — jananews.kz

