Алматыда жаңа халықаралық стадионның құрылысы басталды

Алматы қаласында халықаралық жоғары стандарттарға сай келетін жаңа заманауи футбол стадионының құрылысы басталды.

Спорттық кешен Құлжа және Талғар тасжолдарының түйіскен тұсындағы 32 гектар аумақта бой көтереді. Жаңа арена 45 мың көрерменге есептелген және ол УЕФА-ның ең жоғары IV санатының талаптарына толық сай етіп салынады.

Жобаның негізгі сипаттамасы мен инфрақұрылымы

Алып спорт нысаны тек футбол аренасымен шектелмей, кешенді инфрақұрылымды қамтиды. 32 гектар жер телімінде орналасатын кешен бір мезетте 45 мың жанкүйерді қабылдай алады. Халықаралық деңгейдегі ірі матчтар мен чемпионаттарды жоғары деңгейде қабылдауға мүмкіндік береді. Негізгі стадионнан бөлек жаттығу алаңдары, спортшылар бөлмесі, жанкүйерлерге арналған демалыс аймақтары, қауіпсіздік жүйесі мен табиғи жасыл алаң қарастырылған. Нысан қаланың басты магистральдарының түйіскен жерінде орналасқандықтан, іргелес жол инфрақұрылымы кеңейтіліп, көрермендердің оңай келіп-кетуіне жағдай жасалады.

«Қазіргі таңда құрылыс алаңында «КазНИИСА» жобалау ұйымымен бірлесіп, Құрылыс басқармасы сынақ ретінде қада қағу жұмыстарын жүргізуде. Стадионның ерекшелігі — өзінің архитектуралық конфигурациясында. Сонымен қатар стадионда табиғи жасыл алаң болады», — деп атап өтті қалалық Құрылыс басқармасы жобалау бөлімінің басшысы Сырым Тұрлыби.

Нысанның құрылысы белгіленген жоспарға сай кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мамандар сынамалық қадалар қағып, ғимараттың іргетасы мен инженерлік шешімдерін сараптамадан өткізуде. Арена қаңқасын тұрғызу, табиғи жасыл алаңды төсеу, жаттығу базаларын салу және іргелес жолдарды кеңейту. 2028 жылдың наурызында стадион құрылысын толық аяқтап, халықаралық жарыстарды қабылдау үшін нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланған.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img