Lotte Group Қазақстанда қонақ үйлер салады

Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде Lotte Group компаниясының басқарма төрағасы Дон Бин Шинді қабылдады.

Кездесу барысында екіжақты инвестициялық ынтымақтастықтың маңызды бағыттары мен алдағы жоспарлар талқыланды. Мемлекет басшысы Lotte компаниясының екі елдің экономикалық ықпалдастығын нығайтуға елеулі үлес қосқан сенімді серіктес екенін атап өтті.

Тамақ өнеркәсібі және өндірісті жаңғырту

Қасым-Жомарт Тоқаев кореялық компанияның Қазақстанның тамақ өнеркәсібіндегі қызметін жоғары бағалады. Елімізде танымал «Рахат» брендін одан әрі ілгерілету жұмыстары оң нәтиже беруде. Алматы және Шымкент қалаларындағы өндірістік алаңдарды жаңғыртуға бағытталған табысты жобалар жүзеге асырылуда.

Логистика және жаңа қонақ үй жобалары

Кездесу кезінде көлік-логистика саласы мен туризмді дамыту мәселелері де назардан тыс қалмады. Lotte Global Logistics компаниясының көлік-логистика инфрақұрылымын жандандырып, өңірлік және халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндігін арттыру жөніндегі жоспарлары сөз болды. Алматы қаласында Lotte брендімен алғашқы қонақ үйдің құрылысына қатысты келісім құпталды. Бұл бастама компанияның Қазақстандағы қызмет аясын айтарлықтай кеңейте түспек.

Өз кезегінде Дон Бин Шин компанияның тамақ өнеркәсібі, логистика және қонақ үй бизнесі салаларына инвестиция құюды жалғастыруға дайын екенін растады. Сонымен қатар ол Alatau City жобасын дамытуға, атап айтқанда Iconic Complex кешенінің құрылысына қатысуға үлкен ниетті екенін жеткізді.

Қазақстан экономикалық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде ТМД елдерін басып озды — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img