Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың тәрбиесі, озық технологиялар мен кітап оқу мәдениеті туралы маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды jananews.kz.
Технология дәуірі және жасанды интеллект жетістіктері
Президент өз сөзінде өткен аптада Астанада өткен ауқымды халықаралық шараларға тоқталды. Атап айтқанда, AI & Digital Bridge 2026 форумы мен Жасáнды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысында Қазақстанның бұл сала табыстары атап өтілді. Сонымен қатар Елордада тұңғыш рет ұйымдастырылған Astana AI Film фестиваліне ерекше тоқталды. Бұл іс-шара әлемде алғаш рет жасанды интеллектінің кино өнеріндегі нақты көрінісін паш етті. Жаңа технологиялар дәстүрлі кино өндірісінің ережелерін өзгертіп, мамандарға демеушілер мен продюсерлерге тәуелсіз өз бетінше сапалы туынды шығаруға мүмкіндік бере бастағаны айтылды.
Кітап оқу – рухани қалқан
Технологияның қарыштап дамыған заманында кітап оқудың маңызы ешқашан жоғалмайтынын атап өткен Мемлекет басшысы жастарды рухани тұрғыдан қорғаудың жолы оқу екенін жеткізді. Президент Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген қанатты сөзін мысалға келтіріп, кітап адамды білімпаздыққа, парасаттылық пен еңбекқорлыққа баулитынын айтты.
«Кітап оқу – азаматтарды, әсіресе, жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы мақсатта биыл мамыр айында «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойылғаны атап өтіліп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін Үкімет жыл соңына дейін тиісті тұжырымдама қабылдайтыны хабарланды.

