Қазақстандық ғалымдар CERN-де зерттеу жүргізеді

Қазақстан мен Еуропадағы ірі ғылыми орталық – Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) арасында ғылыми тағылымдамалар туралы маңызды хаттамаға қол қойылды.

Женевада өткен бұл рәсім еліміздің ғылыми саласы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда, — деп хабарлайды jananews.kz.

«Болашақ» бағдарламасы және ғылыми ынтымақтастық

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл жаңа хаттама 2018 жылғы ынтымақтастық туралы келісімді толықтырып, отандық мамандарға әлемдік деңгейдегі орталықта тұрақты түрде тәжірибе алмасуға жол ашады. «Болашақ» бағдарламасы аясында жыл сайын 20 арнайы стипендия бөлінеді. Нәтижесінде жыл сайын Ұлттық ядролық орталықтан, Ядролық физика институтынан және жетекші университеттерден ең мықты 10–15 зерттеуші CERN-ге жіберіліп тұрады. Енді отандық өнеркәсіптік компаниялар мен ірі кәсіпорындар да CERN-мен тікелей жұмыс істей алады.

Отандық зертханалар мен жоғары оқу орындары CERN-де орналасқан жетекші жұмыс топтарымен бірлесіп нақты ғылыми тапсырмаларды атқарады. CERN ұйымының Серіктестермен байланыс жөніндегі директоры Урсула Басслер Қазақстанда ғылымға ынталы жастардың көп екенін атап өтіп, қазақстандық мамандарды даярлауға толық мүдделі екенін жеткізді.

Қазақстанның CERN жобаларына қосқан үлесі

Еліміз бен CERN арасындағы байланыс тек тағылымдамамен шектелмейді. Отандық кәсіпорындар мен ғалымдар бұған дейін де орталықтың жұмысына үлес қосуда. Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты CERN-ге бериллий металын жеткізді. Сондай-ақ Алматылық инженерлер бөлшектердің энергиясын өлшеуге арналған арнайы металл блоктар әзірледі. ҚР Ядролық физика институтының 20-ға жуық ғалымы NA62, SHiP, DRD-1, LHCb және CMS сияқты әлемдік тәжірибелерге қатысуда. Сонымен қатар институтта CERN-нің таратылған жүйесіне қосылатын үлкен дата-центр құрылуда. Алдағы уақытта Қазақстан CERN-нің қауымдастырылған мүшесі болуды жоспарлап отыр.

2033 жылға дейін Қазақстанға 10 Амур жолбарысы жіберіледі — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img