Астана қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15%-дық шекті сауда үстемесін бақылау күшейтілді.
Жыл басынан бері 150-ден астам заңбұзушылық анықталып, жаңа заңнамалық талаптарға сәйкес тәртіпті алғаш бұзған кәсіпкерлерге де ескертусіз бірден айыппұл салу тәртібі қолданыла бастады, — деп хабарлайды jananews.kz.
Бағаны тұрақтандыру және айналым тетігі
Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев пен Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашов елордадағы азық-түлік қауіпсіздігі бойынша атқарылып жатқан кешенді шараларды баяндады.
Биылғы қараша айындағы жағдай бойынша елордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 101,2%-ды құрап, республика өңірлері арасындағы оң көрсеткіштердің бірі ретінде тіркелді. Айналым тетігі аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 18 мың тоннадан астам өніміне алдын ала келісімшарт жасалды. Түркістан, Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай және Ақтөбе облыстарының өндірушілерінен көкөніс, бакалея, сүт және ет өнімдері тікелей жеткізіледі.
Тұрақтандыру қорының өнімдерін өткізуге қаладағы 190-нан астам ірі сауда нүктесі («Magnum», «Small», «Фермаг», «Вкусмарт», «Анвар» желілері мен «Шапағат», «Көктал» базарлары) тартылған. Жыл басынан бері елордада 300-ге жуық жәрмеңке өтіп, жыл соңына дейін олардың санын 350-ге жеткізу көзделген. 19 қыркүйек пен 31 қазан аралығында еліміздің 15 өңірінен келген шаруалар 10 мың тоннадан астам өнімді нарық бағасынан төмен бағамен сатты. Сондай-ақ тұрғындар сұранысына орай «Соғым Fest» ет жәрмеңкесі дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Сауда үстемесін асырғандарға қандай айыппұл салынады?
ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар тауарларға қосылатын үстеме өндірушінің немесе көтерме жеткізушінің бағасынан 15%-дан аспауға тиіс. Биылғы 1 қаңтардан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Енді сауда үстемесін асыру бойынша алғашқы заңбұзушылық үшін ескерту жасау алынып тасталып, бірден айыппұл салынады:
Жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 5 АЕК (қайталанса — 10 АЕК);
Орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 35 АЕК (қайталанса — 70 АЕК);
Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 150 АЕК (қайталанса — 300 АЕК).
Жыл басынан бері Өңірлік комиссияның 90 отырысы өтіп, ірі сауда желілері мен базарларда, үй маңындағы дүкендерде 150-ден астам заңбұзушылық анықталды.
Базарларды жаңғырту және алдағы жоспарлар
Астанада жаңғырту жөніндегі жол картасына «Ұлжан», «Алтай», «Шанхай — Көк базар», «Сарыарқа», «Орталық базар», «Алаш» және «Шарын» базарлары енгізілген. Жұмыстар сауда нысандарын заманауи стационарлық ғимараттарға көшіруді, автотұрақтар салуды, санитарлық-өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және қолма-қол ақшасыз төлем жүйелерін енгізуді қамтиды.
2026 жылдың соңына дейін базарларды жаңғыртуға апта сайынғы бақылау күшейтіледі. Ал 2027 жылы талаптарды орындамаған сауда алаңдарына айыппұл салу және олардың жұмысын сот тәртібімен тоқтата тұру шаралары қарастырылмақ.
Қазақстан цифрлық үкімет көрсеткіші бойынша 193 елдің ішінде 16-орынға көтерілді — jananews.kz

