Қазақстан жоғары білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сай түрлендіріп, Coursera платформасымен ынтымақтастығын кеңейтуде.
Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар мен жетістіктер FWD Virtual 2026 халықаралық іс-шарасы аясында өткен «Жасанды интеллект дәуірінде кадрларды еңбек нарығына дайындау» атты панельдік сессияда талқыланды. Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Texas A&M университеттер жүйесінің вице-канцлер орынбасары Ким Ринирсон, Randstad компаниясының өкілі Ренате Декен және Coursera мен Udemy компанияларының директоры Нирача Тайчахунавуд қатысты.
Ынтымақтастық нәтижелері мен университеттердегі интеграция
Панельдік сессия барысында министр Саясат Нұрбек үш жыл ішінде атқарылған жұмыстардың маңызды кезеңдеріне тоқталды. 2023 жылы 25 өңірлік университеттен басталған бастама бүгінде Қазақстанның 100 жоғары оқу орнын қамтып отыр.
Онлайн-курстар білім беру бағдарламаларының мазмұнына толық енгізіліп, студенттердің оқу нәтижелері ресми түрде танылды және кредиттерге қайта есептелді. 2023–2025 жылдары 11 984 курс енгізіліп, 211 726 академиялық кредит қайта есептелді, ал 190 630 студенттің білім нәтижелері ресми тіркелді. Жалпы еліміз бойынша 255 мыңнан астам білім алушы платформа сертификаттарын алып, берілген сертификаттардың жалпы саны 554 784-ке жетті.
Жасанды интеллект (ЖИ) және студенттердің стартаптары
Ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарының бірі – жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамыту. 2025 жылы 98 044 білім алушы жасанды интеллект бағыттары бойынша 109 987 сертификат алды. AI-Sana бағдарламасы бұл ретте негізгі платформалардың біріне айналды. Отандық студенттер ЖИ технологияларын қолдана отырып, 100-ден астам стартап пен қолданбалы шешім әзірледі. Олардың қатарында ым тілін аударатын SignBridge, мемлекеттік сатып алуларға пост-аудит жасайтын Baqylay.kz және церебралды сал ауруы бар балаларға арналған AI-модулі бар SmartWalk құралдары бар.
Тілдік бейімдеу және алдағы жоспарлар
Контентті қазақ тіліне бейімдеу мақсатында 171 курс локализацияланды, ал 16 қазақстандық жоғары оқу орны Coursera платформасында өз курстарын орналастырды. Сондай-ақ 2 мыңнан астам оқытушы Course Builder бағдарламасы бойынша оқытылды. 2028 жылға дейінгі кезеңде еліміздің жоғары оқу орындарына жыл сайын кемінде 30 мың лицензия қолжетімді болады. Негізгі назар ЖИ курстары мен микробіліктіліктерді оқу үдерісіне жедел енгізуге аударылмақ.

