Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономиканың әртүрлі саласында іске асырылатын Қазақстан мен Кореяның бірлескен инвестициялық жобалары таныстырылды.
Ұсынылған жаңа бастамалар елімізде өндірісті локализациялауды тереңдетіп, жоғары технологиялы салаларды дамытуға бағытталған.
Автоөндіріс және бөлшектер шығару жобалары
Екі ел арасындағы серіктестік аясында автокөлік өнеркәсібін дамытатын бірқатар маңызды жоба қолға алынмақ. Алматы қаласында жергілікті автобөлшектер өндірісін ашу жоспарлануда. Оның аясында отандық автозауыттардың сұранысына сай көліктің бәсеңдеткішін, орындық қаптамасын, еден жабыны мен сымдар будасын, сондай-ақ дөңгелек дискілерін шығару көзделген.
Қостанай қаласында KIA компаниясының Локализация орталығы ашылады. Бұл орталықта есік панельдері, орталық консольдар, орындықтар, төбе және еден қаптамалары, бамперлер мен автомобильдің басқа да маңызды бөлшектері өндіріледі.
Медицина және жоғары технологиялар
Автомобиль өнеркәсібінен бөлек, Мемлекет басшысына басқа да стратегиялық маңызы бар салалардың жобалары көрсетілді. Медицинада қолданылатын ультрадыбысты диагностика жүйелерін шығару қолға алынады. Сондай-ақ Алматы қаласында корейлік басқару үлгісі мен ең заманауи медициналық технологиялар қолданылатын көпбейінді аурухана салу жоспарланған.
Елімізде заманауи дрондар құрастыру секілді жоғары технологиялық маңызды жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Бұл бастамалар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы сауда-экономикалық және технологиялық байланыстарды сапалы жаңа деңгейге көтермек.
«Астана Арена» 2028 жылғы УЕФА Суперкубогын қабылдайды — jananews.kz

