Корея Республикасына жасаған ресми сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жандандырудың маңызына тоқталды.
Мемлекет басшысы осы уақытқа дейін Корея Қазақстан экономикасына 12 миллиард доллардан астам инвестиция салғанын атап өтіп, әлемге танымал корей компанияларына елімізде барлық қажетті жағдай жасалғанын және бұл үрдіс жалғасатынын мәлімдеді.
Мәдени-гуманитарлық ықпалдастық және Алатау қаласы
Президент екі мемлекет арасындағы гуманитарлық байланыстардың жыл санап нығайып жатқанын атап өтті. Былтыр Қазақстанға 51 мыңға жуық корей азаматы сапармен келген. Бұған тікелей әуе қатынасының қарқынды дамуы айтарлықтай ықпал етуде.
Екі ел арасындағы ірі жобалардың бірі – Алатау қаласының құрылысы. Сапар барысында Алатау қаласында Кореяның әлемге әйгілі KAIST институтының филиалын ашу туралы маңызды келісімге қол қойылды. Бұл білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтермек. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Сеулдің жаһандық тұрақты даму және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріндегі ұстанымдары ортақ немесе өте ұқсас екенін жоғары бағалады.
Қол қойылған ресми құжаттар
Мемлекет басшыларының қатысуымен екі елдің ресми делегация мүшелері бірқатар маңызды үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар мен меморандумдарға алмасты:
-
ҚР Энергетика министрлігі мен Корея Республикасы Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрлігі арасындағы мұнай саласы бойынша ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім;
-
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Корея Республикасы Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрлігі арасындағы ғылым және технологиялар саласы бойынша таланттарды дамыту туралы ынтымақтастық құжаты;
-
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Корея Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек министрлігі арасындағы EPS жүйесі бойынша қызметкерлерді бағыттау және қабылдау бойынша меморандум;
-
ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Корея Республикасы Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрлігі арасындағы атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы меморандум;
-
ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Корея Республикасы Климат, энергетика және қоршаған орта министрлігі арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы екінші өзара түсіністік меморандумы;
-
ҚР Әділет министрлігі мен Корея Республикасы Зияткерлік меншік министрлігі арасындағы зияткерлік меншік саласы бойынша жан-жақты ынтымақтастық жөніндегі меморандум;
-
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Корея Республикасы Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі арасында қаланы және инфрақұрылымды дамыту саласындағы меморандум;
-
ҚР Көлік министрлігі мен Корея Республикасы Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі арасындағы озық әуе қозғалысын дамыту саласындағы өзара түсіністік меморандумы;
-
ҚР Энергетика министрлігі мен Корея Республикасы Климат, энергетика және қоршаған орта министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
-
Ормандарды цифрлық қалпына келтіру және климат өзгерісіне қарсы күрес шаралары жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
-
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Корея Республикасы Мәдениет, спорт және туризм министрлігі арасындағы 2026-2030 жылдарға арналған мәдени ынтымақтастық жөніндегі меморандум;
-
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Корея Республикасы Патриоттар мен ардагерлер істері министрлігі арасындағы тарихи нысандарды сақтау және басқару саласындағы ынтымақтастық меморандумы.

