Танымал француз тарихшысы Мари Фавероның әлемге әйгілі «Алтын Орда» іргелі еңбегі тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып, оқырманға жол тартты.
Осыған орай, Вице-президент Ерлан Қарин автормен арнайы кездесіп, тарихи тақырыптар төңірегінде пікір алмасты. Ерлан Қаринның айтуынша, бұл құнды туындыны қазақ тіліне тәржімалап шығаруға белгілі баспагер Раиса Қадыр мұрындық болған.
Ұлттық тарих және Алтын Орда мұрасы
Вице-президент әлемдік классика мен ғылыми-тарихи бестселлерлердің ана тілімізге аударылуы оқырман үшін үлкен олжа екенін атап өтті. Сонымен қатар ол бұл еңбектің маңыздылығына тоқталды:
«Мемлекет басшысы атап өткендей, біз – Алтын Орданың тікелей мұрагерлерінің біріміз. Сондықтан бұл тақырып бізге қай жағынан болсын өте маңызды әрі қызықты», – деді Ерлан Қарин.
Жуырда жарыққа шығатын Қазақстан тарихының көптомдық жаңа академиялық еңбегінде тарихта тұңғыш рет Алтын Орда кезеңіне арнайы бөлек том арналып отыр. Бұл кітаптың қазақ тіліндегі басылымы отандық тарих ғылымының дамуына және оқырманның көне дәуір туралы білімін кеңейтуге үлкен үлес қоспақ.

