Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) вице-президенті болып сайланды, деп хабарлайды ҚР ҰОК баспасөз қызметі.
Маңызды сайлау 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өткен ISSA-ның 15-Бас ассамблеясы аясында ұйымдастырылды.
Жаңа қызмет пен халықаралық жауапкершілік
Геннадий Головкин 2026-2029 жылдарға арналған Атқарушы комитет құрамына Азия және Еуропа өңірлеріне жауапты вице-президент ретінде тағайындалды. Жаңа қызметінде ол Азия мен Еуропадағы Ұлттық Олимпиадалық комитеттердің атынан ISSA жұмысына қатысады. Сондай-ақ қауымдастықтың алдағы жұмыс бағыттарын белгілеуге, ҰОК-терге қолдау көрсетуге, спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға және мүше елдер арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосады.
ISSA президенті қызметіне Сауд Арабиясының спорт министрі, елдің Олимпиада және Паралимпиада комитетінің басшысы, ханзада Абдулазиз бин Турки Әл-Фейсал қайта сайланды. Ал Африка және Латын Америкасы өңірлеріне жауапты вице-президент қызметіне Марокко өкілі Наваль Эль-Мутавакель тағайындалды.
Халықаралық спорттағы жетістіктері
Геннадий Головкиннің бұл қызметке сайлануы оның халықаралық спорт аренасындағы беделін тағы бір мәрте дәлелдейді. Ол 2024 жылдың ақпанынан бері Қазақстан ҰОК президенті қызметін абыроймен атқарып келеді. 2025 жылдың қарашасында World Boxing ұйымының президенті болып сайланып, Олимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық федерацияны басқарған тұңғыш қазақстандық атанған болатын.
Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығы (ISSA) Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің Ұлттық Олимпиадалық комитеттерін біріктіреді. Қауымдастықтың басты спорттық додаларының бірі – Ислам ынтымақтастығы ойындары.
Қасым-Жомарт Тоқаев Hyundai Motor Group президенті Сунг Кимді қабылдады — jananews.kz

