Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сеул қаласында Hyundai Motor Group корпорациясының президенті әрі стратегия және жоспарлау жөніндегі бөлім жетекшісі Сунг Кимді қабылдады.
Кездесу барысында инвестициялық және өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Жиынға корей тарапынан Hyundai Motor Group тобына кіретін Hyundai Engineering мен Kia автоконцерндерінің өкілдері де қатысты.
Автокөлік өнеркәсібін дамыту және локализация
Қасым-Жомарт Тоқаев Hyundai Motor Group корпорациясы Қазақстанның автокөлік өнеркәсібін дамытуға айтарлықтай үлес қосқанын атап өтті. Алматыдағы Hyundai және Қостанайдағы Kia зауыттары еліміздегі автоөндірістің флагманына айналып отыр. Президент өндірісті локализациялауды одан әрі тереңдету, автобөлшектерді көптеп шығару және экспорттық әлеуетті нығайту шараларының маңызына тоқталды. Қазақстанды автомобиль өндірісі мен экспорты бойынша ірі өңірлік орталыққа айналдыру міндеті қойылды. Серіктестіктің тағы бір маңызды бағыты ретінде электр көлігі саласы, яғни электромобильдер мен олардың қосалқы бөлшектерін шығару, сондай-ақ қуаттау инфрақұрылымын жасақтау атап өтілді.
Жаңа жобалар мен серіктестік перспективалары
Өз кезегінде Сунг Ким Hyundai мен Kia жобаларына ұдайы қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Қазақстан тек нарық емес, ТМД елдері бойынша маңызды өңірлік орталық саналатынын жеткізді. Корпорация Қазақстандағы қызмет аясын кеңейтіп, локализация деңгейін арттыруға ниетті. Hyundai Engineering басшылығы мұнай-газ, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін мәлімдеді. Kia компаниясының өкілдері Қазақстанның ұлттық автомобиль брендін қалыптастыруға үлес қосу ниетін жеткізді.
Қазақстан Coursera платформасы арқылы жасанды интеллект дағдыларын күшейтіп жатыр — jananews.kz

